Азаттық радиосы сыртқы істер министрлігін сотқа берді


31/01/2024
15:51 9317 0

Фото: Азаттық радиосы

 

30 қаңтарда Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақстан өкілдігі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотына арыз түсірді. Шағымда басылым Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеуін және оны ұзартпауын заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған. Азаттық радиосы арызды СІМ жауап келгеннен кейін түсірген. 

 

2024 жылы 3 қаңтарда Азат Еуропа/Азаттық радиосына Қазақстан сыртқы істер министрлігінен «өкілдіктің 36 қызметкерін аккредиттеуден немесе аккредитация мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылданғаны жөнінде» хат келген.

Ведомство жауабында журналистердің «аккредитациясыз жұмыс істеп келгені», сонымен бірге редакцияға«айыппұл салғанын» (құқық қорғаушылар «жалған ақпарат туралы» жаңа бапты ресейлік «фейктер туралы» заңға ұқсатқан) алға тартқан. 

Шағымда Азат Еуропа/Азаттық радиосы - Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) соттан ведомство келтірген дәлел-дәйектерді негізсіз деп тануды сұраған, себебі редакцияның айтуынша, олар журналистердің аккредитациясына қатысты өтініштерді уақытында беріп отырған, өтініштер қаралуы тиіс кезде журналистерде аккредитация мерзімі аяқталмаған, ал министрлік өтініштерді жауапсыз қалдырған. Ақпаратқа қарағанда, қызметкерлерді аккредитациядан өткізу туралы өтініштер өкілдікті әкімшілік жауапқа тарту туралы шешім шыққанға дейін көп уақыт бұрын берілген, бірақ олар «дер кезінде қаралмаған»

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация бермеген немесе аккредитация мерзімін ұзартпаған. Олардың арасында 2022 жылдан бері аккредитациясы ұзармаған журналистер де бар. Редакция барлық құжаттарды бірнеше рет және уақытылы тапсырған. Тағы бірнеше журналистің аккредитация мерзімі осы жылы аяқталады. Ережеге сәйкес, сыртқы істер министрлігі шетел ақпарат құралының тілшісіне аккредитация беру немесе бермеу туралы шешімді өтініш түскен күннен бастап екі ай ішінде қабылдауы керек. Аккредитация берілмеген жағдайда шешімін негіздеуі тиіс.

2023 жылы қыркүйек пен қазанда Азаттық 30-дан астам қызметкеріне аккредитация беру және мерзімін ұзарту туралы тағы өтініш түсірген, бірақ нақты жауап алмаған. 

Қазан айында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты дауды медиация тәртібімен шешу туралы келісімді бекіткен. Оған сәйкес, министрлік жауапты 2023 жылдың 27 желтоқсанына дейін беруге тиіс болған. Жауап 2024 жылы 3 қаңтарда келіп түскен. Онда Қазақстан СІМ Азаттыққа тілшілеріне аккредитация бермейтінін хабарлады. 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

31/01/2024 15:51
9317 0

Уведомление